28.03.2022, 14:17
A+ Analytics

Украинадағы соғыстан Қазақстан қандай сабақ алды?

Қазақстан Украинада болып жатқан соғыс бойынша бейтараптық позиция ұстанып отыр. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Ең алдымен елімізөзінің қауіпсіздігі үшін осы ұстанымын өзгерткісі келмейді. Соған қарамастан әлемде болып жатқан оқиғалар ел ішіндегі саяси үдерістерге қатты әсер етіп қана қоймай, біздің азаматтарымызды екі жақтың бірін жақтауға яғни, солардың бірінің көзқарасына ойысуға мәжбүр етеді. Өйткені, Ресей мен Украина арасындағы соғыс, идеология саласында да жүріп жатыр. Қақтығысқа қатысушы әрбір ел өзінің көзқарасынан тайқығысы жоқ. Оған өздерінің дәлелі жеткілікті. Себептерін де айтуға дайын. Онысын идеологиялық тұрғыдан қорғай алады.

Фотография с открытых источников

Ресей тарапы Кеңес Одағы ыдырағаннан бері өз мүдделерін қорғап, «әділ» соғыс жүргізіп жатырмыз деп мәлімдеуден танар емес. Сонымен, Ресей басшылығы "Ұжымдық Батыс" деп аталатын НАТО блогын Ресей шекарасына жақындата отырып, бастапқы келісімдерді бұзды деп санайды. Бастапқыда бұл Шығыс Еуропа елдерінің, оның ішінде бір кездері КСРО құрамында болған Балтық жағалауы елдерінің Еуропалық Одаққа демек, НАТО-ға кіруіне байланысты болды. Соңғы жылдары Украина батыс елдерімен әскери қарым-қатынастың өте маңызды бағытын қабылдады. Бұл іс жүзінде Ресейдің көзқарасы бойынша алдын-алу әскери операциясы түріндегі жауап беруді талап етті . Оның мақсаты "демилитаризация", яғниУкраина Қарулы Күштерін тарату және осы елдің НАТО блогына кірмейтіндігіне кепілдік беру.

«Демилитаризациядан» басқа, екінші мақсат Украинаны «денацификациялау» деп аталады. Бұл орыстардың сөзінше украин ұлтшылдығы идеяларын уағыздайтын барлық саяси күштердің биліктен кетуін білдіреді. Оның орнына орыс идеологтары үш славян халқының қарым-қатынасы, олардың тілдерінің бірлігі, сондай-ақ ортақ тарихы туралы «Орыс әлемі» тұжырымдамасын ұсынбақ. Сөйтіп, «арнайы әскери операциядан» кейін үш славян елі Ресей, Беларусь және Украина қайтадан идеологиялық қайшылықтарсыз бейбіт өмір сүреді деп болжайды. Оның үстіне Батыстың деструктивті күштері мен теріс ықпалынан арылған «денацификацияланған» және «демилитаризацияланған» Украина бұрынғы кездегідей Ресейдің қайтадан одақтасы болады деп ойлайтындар көптеп саналады. 

Ресей басшылығы бұл идеологияны өз қоғамында ондаған жылдар бойы белсенді түрде насихаттап, нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Жүргізілген сауалнамаларға сүйенсек, Украинаға қарсы «арнайы әскери операцияны» Ресейдің азаматтарының 50-70 пайызы қолдайды. Сондай-ақ, ресейлік БАҚ-тың ақпаратына құлай сенетіндердің арасында кезіндегі кеңестік елдердің халқы да бар. Солардың бәрі болмаса да, бірқатары агрессияға түсіністіктанытуға қарсы емес. 
Оның демографиямен де байланыс бар, өйткені орыс қоғамының ақсақалдары мен Кремль "ойшылдары" Брежнев дәуірін, соның тұсындағы Кеңес Одағын қатты аңсайды. Айта кетейік, мұндай ностальгия агрессивті антиамериканизммен қатар жүреді және ол көбейе түспесе азаймайды. Кейбір сарапшылар бұған дейін бейбіт өмір сүрген украиналықтардың «өзгеруіне», Ресейдің жауына айналуына Америка Құрама Штаттары мен олардың Еуропадағы спутниктерін кінәлі деп санайды. 

Украин қоғамының болып жатқан жағдайға өзіндік көзқарасы бар. Бұл ресейліктердің ұстанымына түбегейлі қарама-қайшы келеді. Кеңестік үлгідегі автаркизм идеологиясы - әлемдегі ынтымақтастыққа, ашықтыққа, жалпы «еуропалық үйдің» бөлігі ретінде жаңа азаматтық бірегейліктің қалыптасуына қарсы. Ал, Украина идеологиясының негізінде экономикада болсын, саясатта болсын еуропалық үлгі бойынша динамикалық дамуға деген ұмтылыс жатыр. Бұл барлық деңгейлерде демократиялық тұрғыдан жандануды білдіреді.

2019 жылғы сайлауда жеңіске жеткен президент Владимир Зеленскийдің этникалық еврей және оның орыстілді екенін ескерсек, украиндықтар үшін нацизмді айыптау мүлдем қисынсыз. Сондай-ақ, парламенттік сайлауда радикал ұлтшылдар партиясы елде саяси ықпалы жоқболғандықтан 1 пайыздан астам дауысты әзер жинады. Осыған байланысты Украинаны "денацификациялау» империяны қайта құру туралы ниетін жасыру үшін Ресей тарапынан туындаған келісілген мәселе болып көрінеді.

Сондай-ақ, 2014 жылы Қырым Украинадан бөлініп, Донецк пен Луганск облыстарынан байланыс үзіле бастады. Бұл жағымсыз әрекеттерді Ресей тарапы жүзеге асырды деуге толық негіз бар. Бұл украиндықтарға олар үшін кімнің нағыз жау екенін көрсетіп берді. Яғни Ресейдің, АҚШ пен Еуропаның аражігін айырып алуға мүмкіндік берді. Сондықтан ақпанда басталған агрессия Ресейдің Украинаға қарсы көптеген жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан соғысының жалғасы ретінде қабылданды. Оның үстіне, бұл украиндықтар үшін Отан соғысымен бірдей. Олар өз елінің тәуелсіздігі мен мемлекетінің тұтастығын барынша сақтап қалғысы келеді. Сәйтіп, Мәскеудің нұсқауынсыз саясатты өздері жүргізуді қалайды. 

Сондықтан, соғыстың алғашқы күндерінен бастап, украиндықтар қару-жарақ пен әскер күші тең дәрежеде болмай жатқан күннің өзінде орыс әскерінен қаймықпай қарсы тұрды. Ресейлік тараптың екі-үш күннің ішінде Киевті жаулап алып, Украинаны бақылауға аламыз деген жоспарларының күлі көкке ұшты. Қақтығыс бірнеше аптаға, тіпті айға созылып, соған сенген халықаралық әскери сарапшыларды таңғалдырды. 

Оның үстіне, Ресей әскері Украинаға келген күннің өзінде жергілікті халық оларды «жеккөрінішті ұлтшылдардан» азат етушілер ретінде қабылдамайды. Яғни, ресейлік сарбаздарды құшақ жая гүл шоқтарымен қарсы алмайды. Керісінше, бостандыққа қол сұққан құбыжық, жаулап алушы, тұншықтырушы деп қарғыс айтады. Соғыс ұзаған сайын адам шығыны да көбейіп барады. Енді ресейлік әскерилер «азат етіп жатырмыз» деген желеумен жоспарлы түрде Украина қалаларын қиратып жатыр. Соның кесірінен бейбіт тұрғындарда соғыс құрбаны болуда. 

Қазір орыстардың идеологиялық машинасы өз аудиториясының санасына жаппай сіңу үшін, соғыста қаза тапқан сарбаздар үшін кек алу үшін сондай-ақ, әскери қылмыстарды жабу мақсатында тез арада қайта жасақталды. Дегенмен, мұның бәрі Украинаны "тыныштандыру" туралы бұрынғы идеялармен үйлеспейді, өйткені бұл жағдайда "украин ұлтшылдарынан" арылуды ғана емес, сонымен бірге ұжымдық жағдайда өмір сүргісі келмейтін украин азаматтарының жойылуын білдіретіні бәріне белгілі болады.

Ресей азаматтарының ішкі наразылықтарын басу үшін, осы бағытты қолдамайтындарды қудалау жүргізіле бастады. Яғни, жаппай қуғын-сүргін шарасы басталып кетті десе болады. «Сатқындарды» іздеумен «диссиденттерді» қудалау орыстар арасында эмиграция толқынын тудырды. Олардың арасында бұрын өздерін «саясаттан тыс» санағандар мен «мемлекетшіл» позициясын ұстағандар да бар. 

Бірақ ресейліктердің көпшілігі яғни, «қарапайым халық», қазіргі саясатты дұрыс деп санайды. Сондықтан, әлі де болса белсенді түрде қолдау көрсетіп жатыр. Екінші жағынан, Ресейдің сыртқы әлемнен оқшауланып, тысқары қалып бара жатқандығы күшейген сайын, объективті әлеуметтік деректерді алуға кедергі келтіретінін атап өткен жөн. Себебі Ресей қоғамында жүргізіліп жатқан саясатты қолдау дәрежесін бағалау қиындай түспек. 

Ресейдегі бұқарасанасына Батыспен қарсыластық, сын сағатта бір көшбасшыны төңірегіне бірігу қажеттігі, "биік" мақсаттар үшін құрбандыққа баруға дайын болу және басқа да осы бағыттағы идеология сіңіріліп жатыр. Бұл жаңадан құрылған үгіт-насихат моделінің көрінісі. Ресейдің өзі оның тиімді болатынынан үмітті.

Қазақстанда да Ресей саясатын жақтаушылар жоқ деп айта алмаймыз. Яғни, біздің отандастарымыздың арасында екі елдің арасындағы соғыстың зардабы мен салдарын біле тұра ресейліктерді қолдайтындар бар. Десе де, Қазақстан мен Украинаны демократияға, бүкіл әлеммен ынтымақтастыққа және ашық экономика құруға деген ұмтылыс біріктіреді. Демек, Ресей мен Украина арасындағы текетірестің нәтижесі алдағы уақытта еліміздің алдында қандай қауіп-қатер немесе мүмкіндіктер пайда болатынын көрсетеді.
 

Мнение